25 жастағы қорғаушы «Ұлытау» және «Жетісу» сапында барлығы 14 матчқа қатысқан
«Жетісу» клубының қорғаушысы Дінмұхаммед Қашкен алдағы маусымдағы мүмкіндіктері мен жоспарлары жөнінде ASnews.kz сайтына пікір білдірді.
Футболшының айтуынша, ол әлі басқа клубтармен келіссөз жүргізген жоқ.
«Пәлендей командамен сөйлескен жоқпын. Егер «Жетісу» маған жаңа келісімшарт ұсынса — ойланып шешім қабылдаймыз. Егер Талдықорғанда қалсам, команданың алғашқы бестікке ұмтылуы үшін бар күшімді саламын. Мен үшін алаңға жай ғана шығу – мақсатым емес. Әр команда ішінде нақты мақсат қойылуы керек, соған жету керек. Қол жеткізе алмайтын нәрсе жоқ. Әр ойыншының амбициясы болады», — деді Қашкен.
Өткен маусымда 25 жастағы қорғаушы «Ұлытау» және «Жетісу» сапында барлығы 14 матчқа қатысып, бір гол соқты.
Қазан айында Дінмұхаммед Қашкен алғаш рет Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алған еді. Ол Лихтенштейнмен (4:0) және Солтүстік Македониямен (1:1) өткен матчтарға қосылды, алайда алаңға шығу мүмкіндігі бұйырмады.