Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

67 млн теңге шығын: «Қызылжар» клубының бас есепшісі 7,5 жылға сотталды

Бүгін, 10:13

63 жастағы әйел аса ірі көлемде қаржылық алаяқтық жасаған

67 млн теңге шығын: «Қызылжар» клубының бас есепшісі 7,5 жылға сотталды
Qazaqstan media

Петропавл қалалық соты «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы бас есепшісі Ольга Замелацкаяға қатысты қатаң үкім шығарды.

Сот шешімімен 63 жастағы әйел аса ірі көлемде қаржылық алаяқтық жасап, салықтан жалтарғаны үшін 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Үкім жарияланған сәтте ол сот залында бірден қамауға алынды. Бұған дейін айыпталушы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген. Жазасын ол орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейді.

Тергеу материалдарына сәйкес, Замелацкая 2023 жылдан бастап жалған құжаттар әзірлеу арқылы қаржыны заңсыз иемденген. Оған Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша — сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену (189-бап) және салық төлеуден жалтару (245-бап) айып тағылған. Аталған іс сотта өткен жылдың шілде айынан бері қаралып келді.

Сот үкімімен ол тек бас бостандығынан айырылып қана қоймай, келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді. Атап айтқанда, «Қызыл-Жар СК» клубына келген 67 млн 225 мың теңге материалдық залалды және адвокат қызметі үшін 3 млн теңгені қайтаруы тиіс.

Бұдан бөлек, мемлекетке келтірілген шығын көлемі де айтарлықтай. Сот шешіміне сәйкес, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің пайдасына 287 млн 163 мың теңге және 10 млн 721 мың теңге көлемінде мемлекеттік баж салығы өндірілетін болды.

Сонымен қатар, Замелацкаяға алдағы 7 жыл бойы коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапкершілік жүктелетін басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салынды.

Айта кетейік, бұған дейін «Қызылжар» клубының басшылығы мен Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Әли Әлиев арасында азаматтық дау туындап, клуб экс-жаттықтырушыға қарсы сотқа талап арыз берген болатын. Сондай-ақ, футбол клубтарын жекешелендіру бағдарламасы аясында «Қызылжар» жекеменшікке өтіп, команданың жаңа инвесторы ретінде кәсіпкер Сергей Кан танылған.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам