Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Сочидің» экс-бапкері команданы ChatGPT арқылы басқарған

24.01.2026, 10:53

Морено ChatGPT-ді ойыншы таңдауда да пайдаланған

«Сочидің» экс-бапкері команданы ChatGPT арқылы басқарған
Fran Santiago / Getty Images

«Сочи» футбол клубының бұрынғы бас бапкері, испаниялық маман Роберт Морено команда жұмысында ChatGPT нейрожелісінің кеңесін кеңінен пайдаланған. Бұл туралы клубтың бұрынғы бас директор орынбасары Андрей Орлов Sports.ru сайтына берген сұхбатында мәлімдеді.

Мореноның жетекшілігімен «Сочи» 2023/2024 маусымында Ресей Премьер-лигасында (РПЛ) соңғы орын алып, элиталық дивизионнан шығып қалған.

Орловтың айтуынша, испан маманы нейрожеліні тек тактикаға ғана емес, ұйымдастыру жұмыстарына да белсенді қолданған. Мәселен, Морено «СКА-Хабаровск» клубымен болатын ойынға қатысты Хабаровскіге ұшу-бару кестесін ChatGPT көмегімен жасаған.

Сонымен қатар нейрожелі Мореноға футболшыларға матч алдында 28 сағат ұйықтамауды, ал таңғы сағат 5:00-де тұруды ұсынғаны айтылады.

Бұдан бөлек, Орлов Мореноның ChatGPT-ді ойыншы таңдауда да пайдаланғанын жеткізді. Бапкер нейрожеліге үш шабуылшы — Владимир Писарский, Павел Мелешин және Артур Шушеначевтің мәліметтерін енгізіп, олардың ішінен ең мықтысы ретінде ChatGPT Шушеначевті таңдаған.

Алайда кейін Артур Шушеначев «Сочи» сапында 10 матч өткізіп, бірде-бір гол соға алмаған.

Роберт Морено «Сочиді» 2023 жылы тізгіндеді. Бұған дейін ол «Гранада» және «Монако» клубтарында бас бапкер болып жұмыс істеп, сондай-ақ Испания құрамасында Луис Энрикенің орнына бірнеше ай уақытша жетекшілік еткен. Дегенмен Морено бұл қызметтердің ешқайсысында бір жылдан ұзақ тұрақтамаған.

Ресейде ол шамамен екі жылға жуық уақыт еңбек етті. Алайда 2025 жылдың қыркүйегінде Морено мен клуб екі жақты келісім бойынша келісімшартты бұзды. Ол команда тізгінін ұстаған соңғы жеті матчта «Сочи» бар болғаны 1 ұпай ғана еншілеген.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам