Қазақстанның Еуропаға өтуін қате шешім деп атамас едім.
Өзбекстан құрамасының бас бапкері ретінде тарихта алғаш рет команданы әлем чемпионатына шығарған Тимур Кападзе Қазақстан футболына қатысты маңызды пікір білдірді. Ол 1bol.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында мамандар арасында жиі айтылатын «Қазақстан Азияда ойнағанда мундиальға шығу мүмкіндігі жоғары болатын еді» деген пікірге нүкте қойды.
Кападзенің айтуынша, Қазақстанның Еуропа аймағына ауысуын қате шешім деп атауға болмайды. Себебі мұндай таңдаулар әр кезеңдегі нақты жағдай мен мақсатқа байланысты қабылданады.
– Қазақстанның Еуропаға өтуін қате шешім деп атамас едім. Кез келген таңдау сол кезеңдегі нақты міндеттер мен шынайы жағдайға сүйене отырып қабылданады. Азия мен Еуропаның айырмашылығы орасан: екі бөлек орта, екі түрлі бәсеке, екі түрлі контекст, – деді маман.
Сондай-ақ ол Азиядағы іріктеу «жеңіл» деген пікірмен де келіспейтінін айтты.
– Азияда нәтижеге жету жолы қысқалау боп көрінуі мүмкін, бірақ бұл оның жеңіл екенін аңғартпайды. Ал Еуропада қарсыластардың деңгейі өте жоғары, бұл да өз кезегінде үлкен тәжірибе, – деп түсіндірді Кападзе.
Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы биыл алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алып, ел футболының тарихында жаңа кезең бастады. Ал Қазақстан құрамасы 2002 жылдан бері Еуропа аймағында өнер көрсетіп келеді.