Ол былтыр жарақат алып қалған еді.
«Қайрат» клубының жас шабуылшысы Дастан Сәтпаев жарақатына байланысты маусымның алғашқы әрі маңызды ойынына қатыса алмайтын болды.
Aladop.kz мәліметінше, футболшы әлі де ем қабылдап жатыр, сондықтан алдағы кездесуде командасына көмектесе алмайды.
Қазақстан Премьер-лигасының қазіргі чемпионы алматылық «Қайрат» пен Қазақстан Кубогының иегері қостанайлық «Тобыл» жаңа маусымды дәстүрлі Суперкубок ойынымен бастайды. Маусым шымылдығын ашатын тартысты матч 28 ақпан күні «Астана Арена» стадионында сағат 17:00-де өтеді.
17 жастағы форвард соңғы рет «Қайрат» сапында 26 қарашада алаңға шыққан болатын. Ол Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі бесінші тур матчында бір гол соғып көзге түскен еді. Алайда кейін жарақатына байланысты алматылық клубтың алғашқы оқу-жаттығу жиынынан тыс қалды, ал екінші жиынды мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды.