Әзірге Иран құрамасының турнирден бас тартқаны туралы ресми шешім жарияланған жоқ.
FIFA Ирандағы соңғы оқиғаларға байланысты жағдайды жіті бақылап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы ұйым өкілдері әскери операция басталғаннан кейін хабарлады.
АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні Иранға қарсы зымыран соққылары басталғанын жариялап, оны «ірі әскери миссия» деп атады. Айта кетейік, бұған дейін ол FIFA президенті Джанни Инфантино қолынан арнайы бейбітшілік сыйлығын алған болатын.
FIFA бас хатшысы Маттиас Графстрём Кардиффте (Уэльс) өткен Халықаралық футбол қауымдастықтары кеңесінің жыл сайынғы отырысында мәлімдеме жасады.
«Мен де бүгін таңертең Иран туралы жаңалықтарды сіздер сияқты оқыдым. Қазір нақты әрі егжей-тегжейлі пікір айтуға ерте. Бірақ біз әлемдегі барлық жағдайды бақылауда ұстаймыз. Біздің басты мақсатымыз – барлық құрамалардың қатысуымен қауіпсіз әлем чемпионатын өткізу», – деді Графстрём.
Оның айтуынша, FIFA турнирді қабылдайтын үш елмен тығыз жұмыс жүргізіп, барлық қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салады.
Иран құрамасы Азия футбол конфедерациясы арқылы іріктеуден өтіп, G тобына түсті. Бұл топта Бельгия, Жаңа Зеландия, Египет ойнайды.
Ал АҚШ D тобында Парагвай, Австралия, Словения –Косово / Түркия – Румыния жұптарының жеңімпазымен кездеседі.
Алдын ала жоспар бойынша, Лос-Анджелес Иран қатысатын екі матчты қабылдайды, ал Сиэтлде 26 маусым күні Египетпен ойын өтеді.
Иран футбол федерациясы президенті Мехди Тадж бұған дейін қазіргі әскери-саяси ахуал аясында әлем чемпионатына сеніммен қарау қиын екенін айтқан болатын.
«Бүгінгі оқиғалар мен Америка Құрама Штаттары тарапынан жасалған шабуылдан кейін әлем чемпионатына үмітпен қарау қиын. Алайда соңғы шешімді спорт ұйымдарының басшылығы қабылдайды», – деді ол.
Әзірге Иран құрамасының турнирден бас тартқаны туралы ресми шешім жарияланған жоқ.
2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтеді.
Қазіргі таңда басты сұрақ – спорт саясаттан бөлек қала ала ма және Иран құрамасы мундиальға қатыса ма деген мәселе болып отыр.