Өйткені бұл – аты бар, жоғары деңгейдегі футболшылары бар клуб
«Қайрат» футбол клубы бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев алдағы маусымдағы Чемпиондар лигасында алматылық жанкүйерлер әйгілі клубтарды көреді деп үміттенеді. Бұл туралы ол ArchiBall YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.
Боранбаевтың сөзінше, егер алдағы маусымда бір команданы таңдау мүмкіндігі болса, ол Алматыға «Барселонаны» шақырғысы келеді.
«Әрине, «Барселонаны» қалар едім. Үйде ойнасақ деймін. Өйткені бұл – аты бар, жоғары деңгейдегі футболшылары бар клуб», – деді ол.
Ал сырт алаңдағы матчқа келер болсақ, «Қайрат» басшысы Францияның алпауыты – «Пари Сен-Жерменмен» кездесуді жөн көретінін жеткізді.
Айта кетейік, өткен маусымда «Қайрат» өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсетіп, Алматыда мадридтік «Реалды» қабылдаған болатын. Бұл қазақстандық клуб үшін тарихи жетістік саналады.
Енді жанкүйерлер жеребе нәтижесін тағатсыздана күтуде. Егер сәті түссе, алматылықтар әлемдік футбол жұлдыздарын өз көздерімен көру мүмкіндігіне ие болмақ.