"Ордабасы" командасы тарихында тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанды. Бұған дейін "Ордабасы" клубы ешқашан ел біріншілігін жеңіп көрмеген еді, чемпионаттағы ең нәтижелі көрсеткіші – 2017, 2019 жылдары қола жүлдегер.
Алғашқыда атауы "Синтез", "Достық" болған оңтүстіктің командасы биыл тарихындағы ең жемісті маусымын өткізіп отыр. Қазақстан чемпионы атанды, одан бөлек Қазақстан кубогының финалына шықты. Осылайша, "Ордабасы" командасы бір маусымда дубль жасап, алматылық "Қайрат" (1992 жыл), "Астана" (2016 жыл), "Ақтөбе" (2008 жыл) сияқты командалардың қатарына қосылуы бек мүмкін.
"Ордабасы" командасы 25-турда өз алаңында қарағандылық "Шахтер" клубын қабылдап, ел біріншілігінің аяқталуына бір тур қалғанда чемпиондығын рәсімдеді. Чемпиондық матч Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өтіп, су жаңа чемпиондар 3-1 есебімен басым түсті.
Шымкент қаласында ұлы той! Тарихи жеңіс! Тұңғыш чемпиондық! Міне, БІРІНШІ БОЛ жүргізушісі Олжас Байбосын осындай тарихи матчтың куәсі болып, футболшылар мен жергілікті жанкүйерлердің қуанышын бөлісіп қайтты.
БІРІНШІ БОЛ көрерменінің назарына Шымкенттен арнайы репортаж! Қабыл алыңыз!