«Тобыл» футбол клубы жекеменшік басқаруға өтті
Қостанайдың «Тобыл» футбол клубы ресми түрде жекеменшік басқаруға берілді. Клуб құрылтайшыларының қатарына Olzha Agro агрохолдингі қосылып, команданың жаңа иесіне айналды.
Холдингті кәсіпкер Әлішер Қожаназаров басқарады. Ал клуб президенті қызметіне компания бас директорының кеңесшісі Айдос Дүйсенбиев тағайындалды.
Жаңа басшылық негізгі құраммен қатар клуб академиясын, балалар мен жасөспірімдер футболын және спорттық инфрақұрылымды дамытуға басымдық бермек. Команданың атауы, дәстүрлі түстері және Қостанай қаласымен байланысы сақталады.
«Тобыл» жекеменшік басқаруға өткенімен, әзірге бюджеттен қаржыландырыла береді. 2026 жылы клубқа мемлекеттік қазынадан 2,1 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат команданы жарыстарға дайындауға, инфрақұрылымды ұстауға, жол, тамақтану және қызметкерлердің еңбекақысы секілді шығындарға жұмсалады.
Алдағы бес жылда клубтың коммерциялық табысы артқан сайын мемлекеттік қаржыландыруды кезең-кезеңімен қысқарту жоспарланып отыр.
«Тобыл» Қазақстан чемпионатын екі рет жеңіп алған. Сонымен қатар Қостанай клубы үш мәрте ел кубогын, төрт рет Қазақстан Суперкубогын иеленген.