Мессидің «Барселонаға» оралуына кімнің қарсы болғаны айтылды

Хави Мессидің 2023 жылы «Барселонаға» қайта оралуы туралы шындықты айтты

Getty Images
Getty Images

Лионель Мессидің 2023 жылы «Барселонаға» қайта оралу мүмкіндігі жанкүйерлер ойлағаннан әлдеқайда жоғары болған. Алайда көптен күткен трансфер соңғы сәтте жүзеге аспай қалды. Бұл туралы клубтың бұрынғы бас бапкері Хави Эрнандес мәлімдеді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Хавидің айтуынша, ол Аргентина құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жеткеннен кейін Мессимен төрт ай бойы тұрақты байланыста болған. Сол кезеңде футболшының да, бапкердің де бірлескен жұмысқа деген ықыласы жоғары болған.

Алайда келіссөздердің соңғы кезеңінде «Барселона» президенті Жоан Лапорта Мессидің клубқа оралмайтынын шешкен.

«Мен оның қайтып келгенін қаладым және біз төрт ай бойы сөйлестік. Кейін Лапорта Мессидің оралмайтынын шешті. Болған жағдай – осы.

Мессиге мұның мүмкін емес екенін айту маған өте қиын болды. Оның да, менің де ынтамыз зор еді. Бірақ бір сәтте Лапорта бұл трансфер болмайтынын шешті.

Ол бізге командада қажет болды. Әлем чемпионатындағы жеңісінен кейін Месси өте жақсы формада еді. Бұл өте өкінішті болды», – деді Хави.

Испаниялық маман Мессидің әлем чемпионатындағы жеңісінен кейін «Барселонаға» бірден қосылып, команда ойынына елеулі үлес қоса алатынына сенген. Хави аргентиналық шабуылшының командаға футбол тұрғысынан да, тәжірибесі жағынан да қажет болғанын атап өтті.

Дегенмен келіссөздер бірнеше айға созылғанымен, Мессидің «Барселонаға» оралуы мүмкін болмады. Кейін Жоан Лапорта трансфердің не себепті жүзеге аспағанына қатысты Хавидің нұсқасына келіспейтінін айтқан.

Осылайша Месси 2023 жылдың жазында «Барселонаға» емес, АҚШ-тың «Интер Майами» командасына ауысты. Қазіргі уақытта да осы клубтың намысын қорғап жүр.

2026 жылғы 16 қыркүйекте аргентиналық футболшы «Крус Асульге» қарсы Чемпиондар кубогы матчында гол соғып, «Интер Майами» тарихында 100 гол межесіне жеткен алғашқы ойыншы атанды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам