MLS тарихында үш маусым қатарынан кемінде 20 гол соққан футболшы атанды
АҚШ-тың Major League Soccer (MLS) чемпионатында «Интер Майами» мен «Сан-Диего» командалары арасындағы матч тең аяқталды.
Тұрақты чемпионаттың кезекті ойыны Майамидегі «Nu Stadium» аренасында өтіп, 2:2 есебімен аяқталды.
Кездесуде есепті 12-минутта «Сан-Диего» ойыншысы Андерс Дрейер ашты. Араға 12 минут салып, «Интер Майами» капитаны Лионель Месси таразы басын теңестірді.
Екінші таймда Луис Суарес 74-минутта алаң иелерін алға шығарғанымен, матч соңына қарай Дрейер екінші голын соғып, командасына бір ұпай алып берді.
Осы нәтижеден кейін «Интер Майами» 46 ұпаймен Шығыс конференциясында үшінші орында тұр. Команда қосымша көрсеткіштер бойынша екінші тұрған «Нью-Инглэнд Революшннан» кейін келеді. Конференция көшін 57 ұпай жинаған «Нэшвилл» бастап тұр.
Ал «Сан-Диего» Батыс конференциясында 31 ұпаймен оныншы орында келеді.
Бұл кездесуде Месси MLS тарихындағы кезекті жетістігін тіркеді. Аргентиналық шабуылшы маусымдағы 20-голын соғып, чемпионаттың үздік сұрмергендері тізімінде көш бастады.
Месси MLS тарихында үш маусымда 20 немесе одан көп гол соққан екінші футболшы атанды. Бұған дейін мұндай нәтижеге «Лос-Анджелес» клубының габондық жартылай қорғаушысы Дени Буанга 2023-2025 жылдары қол жеткізген.
Алайда Месси бұл көрсеткішпен шектелмей, MLS тарихында үш маусым қатарынан кемінде 20 гол соғып, 10 немесе одан көп нәтижелі пас берген алғашқы футболшы атанды.