Нидерланд футболындағы сенсациялық гол жанкүйерлерді таңқалдырды
Нидерланд әйелдер чемпионатында футбол жанкүйерлері күтпеген голдың куәсі болды. АЗ командасының қорғаушысы Моди Ступ қақпаға шамамен 80 метр қашықтықтан гол соқты.
Бұл гол «Аякс» пен АЗ арасындағы матчта тіркелді. Кездесуде амстердамдық клуб 5:1 есебімен жеңіске жетті.
Ойынның 69-минутында Моди Ступ өз айып алаңынан алыста тұрған командаласына ұзын пас беруге тырысты. Алайда допты қабылдайтын ойыншыға жетудің орнына, ол «Аякс» қақпасына қарай ұшып, алаң иелерінің қақпашысы Фемке Лифтингті басып өтіп, торға түсті.
Бұл сәтте қақпашының да қателігі болды. Лифтинг қақпасынан тым алыстап кеткендіктен, доптың бағытын дер кезінде бағалап, кері оралып үлгермеді.
Дегенмен бұл гол «Аякстың» жеңісіне әсер еткен жоқ. Амстердамдық команда бұған дейін қарсыласының қақпасына төрт гол соғып үлгерген. Ал кездесудің соңғы есебін Надин Нордам белгілеп, «Аякс» 5:1 есебімен жеңіске жетті.
Осы матчтан кейін екі команда да 12 ұпайдан жинап, Нидерланд әйелдер Эредивизи чемпионатының турнир кестесінде екінші және үшінші орындарды бөлісіп тұр.