RFEF Луис де ла Фуэнтемен келісімшартты ұзартқанын жариялады
Испания Корольдік футбол федерациясы (RFEF) ұлттық құраманың бас бапкері Луис де ла Фуэнтемен келісімшартты ұзартқанын жариялады.
65 жастағы маманның жаңа келісімі 2032 жылғы Еуропа чемпионатының соңына дейін, яғни алдағы алты жылға есептелген. Де ла Фуэнте Испания құрамасын 2022 жылдан бері басқарып келеді. Оның жетекшілігімен команда 2022/23 маусымында УЕФА Ұлттар лигасында, 2024 жылғы Еуропа чемпионатында және 2026 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жетті.
Маманның келісімшартын ұзарту Испания құрамасының жақында өткен әлем чемпионатындағы жеңісінен кейін жүзеге асты. Турнир қорытындысы бойынша «қызыл фурия» әлем чемпионы атанды.
RFEF президенті Рафаэль Лоусан де ла Фуэнтеге деген сенімнің жоғары екенін атап өтті.
«Біз тұрақтылық пен сенімге негізделген жобаны қалыптастыруға ұмтыламыз. Бұл ұсыныс Луис де ла Фуэнте мен ол жетекшілік ететін спорттық жобаға деген сенімге негізделген. Жоба бірнеше жылға және ірі халықаралық турнирлерге арналған. Ол – ұлттық құрама тарихындағы ең көп жүлде жеңіп алған бапкер. Луис де ла Фуэнте бізбен 14 жыл жұмыс істеді және ұзақ мерзімді мансапқа лайық», – деді RFEF басшысы.
Де ла Фуэнте жаңа келісімшарт аясында Испания құрамасын 2028 және 2032 жылдардағы Еуропа чемпионаттарында, сондай-ақ 2030 жылғы әлем чемпионатында жаттықтырады. 2030 жылғы әлем чемпионатын Испания Португалия, Марокко, Парагвай, Уругвай және Аргентинамен бірге қабылдайды.
Әлем чемпионатында топ жарған Испания құрамасы үшін келесі сынақ УЕФА Ұлттар лигасында күтіп тұр. Жарыстың келесі ойындары қыркүйектің соңы мен қазан айының басында өтеді. Испания құрамасы бұл кезеңде Англия, Хорватия және Чехияға қарсы ойнайды.