«29 жасында-ақ мансабын аяқтай алар еді»: Манише Роналдудың амбициясы туралы айтты

Роналдудың үздік болуды және жұрт назарында жүргенді ұнататынын атап өтті

әлеуметтік желі
әлеуметтік желі

Португалия құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Манише Криштиану Роналдудың футболдағы мансабын 29–30 жасында-ақ аяқтауына мүмкіндік болғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Роналду сол жаста-ақ қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізіп, Чемпиондар лигасын жеңіп алған. Алайда футболшының бәсекеге деген құштарлығы мен әлемдегі үздік болуға ұмтылысы оны әлі күнге дейін алаңға шығуға ынталандырып келеді.

«40 жаста да ойнау үшін нағыз кәсіби маман болу және өз ісіңді терең құрметтеу керек. Мұндай жетістікке тек сәттіліктің арқасында жету мүмкін емес. Ол – жас ойыншыларға үлгі. Тек ақша туралы ойламай, шыңға жету үшін көп нәрсені дұрыс істеу қажет», – деді Манише FourFourTwo басылымына берген сұхбатында.

Сондай-ақ бұрынғы футболшы Роналдудың үздік болуды және жұрт назарында жүргенді ұнататынын атап өтті.

«Ол 29 немесе 30 жасында мансабын аяқтай алар еді. Сол кезде-ақ қаржылық жағдайы тұрақты болды, Чемпиондар лигасын да жеңіп алған еді. Бірақ ол бәсекелескенді, өзінен барынша көп талап еткенді және жұлдыз болғанды ұнатады. Әлемдегі үздік ойыншы болғысы келеді әрі өзі туралы айтылғанын жақсы көреді. Бұл – оның болмысының бір бөлігі», – деді Манише.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам