Мбаппе сұхбаттарының бірінде интернеттегі сүйікті мемі туралы айтқан
Испанияның Ла Лига футбол лигасының президенті Хавьер Тебас француз футболшысы Килиан Мбаппенің сөзіне байланысты Қытай халқынан кешірім сұрады.
Тебас бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, футболшының мәлімдемесі Қытайда наразылық тудырып, ел тұрғындарының көңіліне тиген. Лига басшысы қалыптасқан жағдайға өкініш білдіріп, Қытай халқынан ресми түрде кешірім сұраған.
«Ла Лига атынан Қытай халқынан шын жүректен кешірім сұраймыз. Біз Қытаймен, оның мемлекеттік органдарымен, спорт ұйымдарымен, медиа компанияларымен және испан футболының миллиондаған жанкүйерімен ұзақ жылдар бойы құрметке, сенім мен ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынас орнаттық», – деп жазды Хавьер Тебас.
Оның сөзінше, лига Қытайдағы серіктестерімен бірге жағдайды реттеу үшін жұмыс істеп жатыр. Тебас бір адамның әрекеті 20-дан астам клубтың мүддесіне және Қытайдағы миллиондаған жанкүйермен қалыптасқан байланысқа нұқсан келтірмеуі керектігін атап өтті.
Мбаппе қандай мәлімдеме жасады?
Бұған дейін Килиан Мбаппе сұхбаттарының бірінде интернеттегі сүйікті мемі туралы айтқан. Оның сөзінше, мемде футболшының бет-бейнесі графикалық редактор арқылы Қытайдың бұрынғы басшысы Мао Цзэдунның бейнесіне қойылған.
Бұл пікір Қытайда қорлау ретінде қабылданып, футболшының жергілікті компаниялармен ынтымақтастығына әсер еткен. Сонымен қатар Қытай телеарналары Ла Лига матчтары мен Мбаппе қатысқан жарнамалық материалдарды көрсетуден бас тартқан.
Кейін Франция құрамасының капитаны бұл әзілінің орынсыз болғанын мойындап, кешірім сұрады.