Месси 2023 жылдың жазынан бері АҚШ-тың «Интер Майами» клубында ойнайды
Аргентиналық шабуылшы Лионель Месси 2027 жылдың қаңтарында «Ньюэллс Олд Бойз» клубына ауысуы мүмкін. Бұл туралы журналист Гонсало Кальвиджони мәлімдеді.
«Біз бұл тақырыпты Estadio 3 эфирінде алғаш рет талқыладық. Лионель Месси «Ньюэллс» клубына бұрын-соңды мұншалықты жақын болған емес. Бұл 2027 жылдың қаңтарында жүзеге асуы мүмкін», – деп жазды журналист.
Месси 2023 жылдың жазынан бері АҚШ-тың «Интер Майами» клубында өнер көрсетіп келеді. Ол команда тарихындағы үздік сұрмерген әрі нәтижелі пас авторы саналады. Аргентиналық футболшы клуб сапында 122 ресми матчта 106 гол соққан. Ал 2025 жылы барлық турнирде 43 гол соғып, клубтың бір маусымдағы нәтижелілік рекордын жаңартты.
Месси MLS тарихында да бірқатар рекорд орнатты. Ол 2024 және 2025 жылдары лиганың ең үздік ойыншысы атанып, бұл марапатты екі маусым қатарынан алған алғашқы футболшы болды. 2025 жылғы тұрақты чемпионатта 29 гол соғып, үздік сұрмерген атанды.
«Интер Майами» сапында Месси Лигалар кубогын, Supporters’ Shield жүлдесін, MLS кубогын және Шығыс конференциясының чемпиондық атағын жеңіп алды.
Айта кетейік, футболшының америкалық клубпен келісімшарты 2028 жылдың соңына дейін жарамды. Ал «Ньюэллс Олд Бойз» – Мессидің туған қаласы Росариодағы, ол бала кезінде жаттыққан клуб.