Жарысқа барлығы 60 бала, 32 ата-ана және төрт жаттықтырушы барған
Ташкентте өткен «Dostlik Cup 2026» халықаралық турнирінен кейін ауруханаға түскен қазақстандықтардың бір бөлігі емін аяқтап, елге орала бастады. Қазір Өзбекстан астанасындағы медициналық мекемелерде 11 бала мен үш ата-ана дәрігерлердің бақылауында. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің хабарлауынша, 15 адам – спортшылар, ата-аналар мен жаттықтырушылар – HY721 рейсімен Ташкенттен Астанаға ұшып шыққан. Қалған қатысушылар 3 қарашада «Түркістан – Павлодар» пойызымен Қарағандыға қайтады.
Еске салайық, Қарағанды облысының үш жеке футбол мектебі – «Jas Batir», «Nomad Akademiya» және «Skaut» командалары Ташкенттегі халықаралық турнирге қатысқан. Жас футболшылар 2014, 2018 және 2019 жылы туғандар санатында өнер көрсетті.
Жарысқа барлығы 60 бала, 32 ата-ана және төрт жаттықтырушы барған. Турнирге қатысу мен жол шығындары жеке қаражат есебінен ұйымдастырылған.
Бұған дейін, 2 қарашада Ташкенттегі №5 қалалық инфекциялық ауруханада 16 бала, бір жаттықтырушы және 11 ата-ана ем қабылдап жатқаны хабарланған еді. Олардың барлығы G’ayrat Hoji ota hotel қонақүйінде тұрып, тамақтанған.