Футболшы қақпашымен соқтығысқан
Испанияның «Тенерифе» клубының шабуылшысы Хесус де Мигель матч кезінде жүрегі мен тыныс алуы тоқтап, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта футболшының жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр.
Оқиға Испания чемпионаты екінші дивизионының 12-туры аясында «Андорраға» қарсы өткен кездесудің соңында болған.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, «Андорра» қақпашысы Хесус Овоно қақпасынан шығып, жеке шабуылға шыққан Мигельді тоқтатуға тырысқан. Алайда ол қарсылас ойыншымен соқтығысып қалған. Төреші қақпашыға қызыл қағаз көрсетіп, ойынды тоқтатқан.
Соқтығысудан кейін Мигель есінен танып қалған. Оны алаңнан зембілмен алып шығып, кейін жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізген.
Футболшының жүрегі мен тыныс алуы тоқтағаны белгілі болды. Жедел жәрдем көлігінде дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырғанымен, ол есін жимаған.
Оқиғадан кейін «Тенерифе» клубы ресми мәлімдеме жасап, футболшының жағдайы тұрақты болғанымен, ауыр екенін хабарлады. Қазіргі уақытта де Мигель жансақтау бөлімінде жатыр.