Бас бапкер: Қазақстан футболы жеңіске жетеміз деп мәлімдейтін деңгейде емес

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы соңғы кездесуінде Словакиямен 2:2 есебімен тең түсті

ҚФФ
ҚФФ

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван’т Схип команданың қазіргі деңгейі мен халықаралық аренадағы қиындықтары туралы пікір білдірді. Бұл туралы meta-ratings.kz жазды.

«Біздің нәтижелерімізді сәтті деп айта алмаймыз. Қазақстан футболы қазір әр ойында жеңіске жетеміз деп мәлімдейтін деңгейде емес. Сондықтан жағдайға шынайы көзқараспен қарауымыз керек. Команда мұны түсінеді.

Бүгінгі ойында жігіттер жақсы көрінді деп ойлаймын. Бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, күрескерлік пен тәртіп көрсетті.

Кейбір кездесулерде қажетті деңгейді 90 минут бойы сақтай алмадық. Ал халықаралық аренада бұл – міндетті талап. Өйткені мұндағы ойын қарқыны ұлттық чемпионаттағыдан әлдеқайда жоғары. Бұл – әлі де жұмыс істеуіміз керек бағыт», – деді бас бапкер.

Еске салайық, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы соңғы кездесуінде Словакиямен 2:2 есебімен тең түсті. Осылайша ұлттық құрама алты матчта бірде-бір жеңіске жете алмады. Үш рет тең түсіп, үш кездесуде жеңіліс тапты.

Нәтижесінде Қазақстан С лигасының 3-тобында соңғы орынға тұрақтады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам