Ол ұлттық құрама тізгінінде үш айдан астам уақыт отырды
Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Джон ван’т Шкиппен келісімшартты ұзартпайтын болды. Ұлттар лигасы аясында алты матч өткізген нидерландық маман қызметінен кетеді. Бұл туралы бүгін ҚФФ Бас хатшысы Скотт Манн мәлімдеді.
Федерация мен Шкип арасындағы контракт мерзімі осы аптаның соңында аяқталады. Қос тарап та оны әрі қарай созудың мәні жоқ екенін айтқан.
«Біз Шкип мырзамен келісімшартты созбаймыз және ұзақ мерзім жұмыс істейтін жаңа бапкер іздеуге кірісеміз. Ол Қазақстан құрамасын Еуропа чемпионатының іріктеуіне дайындауы қажет», - деді Скотт Манн.
Осылайша Джон ван’т Шкип Қазақстан құрамасы тізгінінде үш айдан астам уақыт болып, ресми алты матч өткізді және оның бірде бірінде жеңіске жете алмады. Ұлттар лигасының C дивизионында өнер көрсеткен ұлттық құрама Словакиядан бір рет, Молдовадан екі рет жеңілсе, қалған үш ойында тең нәтиже тіркеді.