Шерзод Эсановтың дублі Өзбекстанға жеңіс сыйлады
Өзбекстан ұлттық құрамасы Дохада өткен жолдастық кездесуде Сауд Арабиясы командасын 2:1 есебімен жеңді. Осылайша өзбек футболшылары қараша айындағы оқу-жаттығу жиынын жеңіспен қорытындылады.
Кездесудің басты қаһарманы Шерзод Эсанов болды. Ол 19-минутта есеп ашып, 35-минутта дубль авторы атанды. Ал Сауд Арабиясы құрамасының сапында Фирас Әл-Бурайкан 23-минутта таразы басын теңестірген еді.
Екінші таймда саудиялықтар бір ойыншыға кеміді. Алаңға қосалқы құрамнан шыққан қорғаушы Әли Ладжами қызыл қағаз алып, командасын қиын жағдайда қалдырды. Сан басымдығын пайдаланған Фабио Каннаваро шәкірттері кездесудің соңына дейін басымдықты сақтап, жеңіске жетті.
Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы бұған дейін, 12 қарашада Ресейге қарсы жолдастық кездесуде 2:3 есебімен жеңіліп қалған болатын. Ал команданың келесі ірі додасы – 2027 жылы өтетін Азия кубогы.