«Реал» Мбаппені қорлаған жанкүйерді сотқа берген
Испанияда мадридтік «Реал» мен Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппені нәсілдік тұрғыдан қорлаған жанкүйерге қатысты сот үкімі шықты.
Ол 11 айға бас бостандығынан айырылып, екі жыл бойы футбол матчтарына қатысу құқығынан шектелді.
Үкімді Астурия провинциялық сотының екінші палатасы шығарды.
Оқиға 2025 жылдың 24 тамызында «Реал» мен «Овьедо» арасындағы матчта болған. Қонақтар бұл кездесуде 3:0 есебімен жеңіске жеткен.
Сот айыпталушыны өшпенділікке негізделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, 11 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған белгілі бір мемлекеттік лауазымдарды атқаруға тыйым салынып, айыппұл салынды.
Алайда сотталған азамат екі жыл бойы ресми футбол матчтарына бармау шартымен түрме жазасын өтеуден уақытша босатылды.
«Бұл іс бойынша жеке айыптаушы тарап ретінде қатысқан «Реал» клубы, басқа да осындай істердегідей, футбол мен жалпы спорттағы нәсілшілдіктің кез келген көрінісіне қарсы күресуге және оны түбегейлі жоюға бейілді екенін тағы да растайды», – делінген клубтың мәлімдемесінде.