Бразилиядағы оқиғалар-2: фэйк Рональдиньо, қарапайым Клозе, жұрт ұмытқан МакМанаман

Гректер мамалатты, Люксембург домалатты #2 Бірінші гол

27.03.2024, 23:22

Еуроға жолдама алған 24 команда анықталып болды. Бұл тізімде Қазақстан тағы да жоқ. Шешуші матчта шашылып, сын сағаты туғанда сыр беріп қалдық.

Дәмеміз дамбалдай, үмітіміз амбалдай еді. Бірақ Афинада суға түскен тауықтай сүмпиіп, тактикалық жүрістен жаңылып, бірінші рет доп тепкендей күйге түстік. 5-0. Какая боль!

Талгат Байсуфиновтың тұсында француздар бізді 8-0 есебімен ойсырата жеңген еді. Содан бері қақпамызға 3 голдан артық жібермеппіз. Қазір ше! Гректер қақпамызға жауапсыз 5 гол салды. Кеше Люксембург те бірінші таймда 4 гол салып кете жаздады. Шацкийдің шалт қимылының арқасында, бірде қақпа бағанасы, бірде қақпа маңдайшасы қорған болып, әйтеуір абырой болды.

Сонымен Қазақстан ұлттық құрамасы. Иә, құрама бар – бірақ команда жоқ. Былтыр ғана Данияны жеңген дарабоздар, финдерден басым түскен феномендердің алаңда елесі ғана кезіп жүр.

Зайнутдинов бабында емес. Тағыберген тағында емес. "Адана" асқан Абаттан да пайда болмады. Қайыровтан қайыр болмады. Чесноков қана бабында екен. "Астана" сапында абадан болып жүрген Астанов ұлттық құрама жейдесін кисе пәсейіп қалады. Ел мақтаған Самородов та көншітпеді. Шацкий шалт қимылының арқасында көп голдан аман алып қалды. Темірлан Ерланов темірдей қорғаушы бола алмады. Сын сағаты туғанда Нұрәлі Әліпті алмастыратын қорғаушы жоқ екен. Бірақ Люксембургке қарсы Әліп шыққанымен, қорғаныста көп өзгеріс бола қоймады.

Осылайша, Еуропаға жорығымыз аяқталды. Сенсация тағы болмады. "Гректердің аты озғанша, гүржілердің тайы озсын" деп тіледік. Солай болды да. Бізді мамалатқан гректер шешуші матчта Грузияға жол беріп, Хвича бастаған гүржілер тарихында тұңғыш рет Еуро финалдық кезеңіне жолдама алды.

Грузия көз алдымызда тарих жасады. Ал, Қазақстан құрамасының ойыны екі қадам қалғанда кері кетті. Прогресс... Атамаңыз. Регресс... Бәлкім солай.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам