39 жастағы футболшы әлі бабында екенін көрсетті
Футболдан Сауд Арабиясы чемпионатының 26-турында «Әл-Наср» клубы «Абхе» командасына қонаққа барды.
Ойын бастала салысымен қонақтардың шабуылшысы Криштиану Роналду «Абхе» қорғаушылары мен қақпашыларына айтарлықтай қиындық тудыра бастады. 11-минутта айып добын орындаған португалдық футболшы қарсылас қақпасынан саңлау тауып, есеп ашты. Ал, араға небәрі он минут салып ол дубль авторы атанды. Бұл жолы да Роналду айып добын орындауда мүлт кеткен жоқ.
Мұнан кейін португалдық шабуылшы Садио Манеге нәтижелі пас берсе (33-минут), артынша өзі қақпашымен бетпе-бет шығып, хет-трик авторы атанды. Ал, 44-минутта оның дәл берген пасының арқасында Абдулмажид әл-Сулайхим «Абхе» қақпасына бесінші голды соқты.
Екінші таймда Криштиану Роналду өзге футболшымен алмастырылып, алаңға шыққан жоқ. Соған қарамастан, «Әл-Наср» ойыншылары алаң иелері қақпасына тағы үш гол соғып, есепті 8:0-ге жеткізді.
Айта кету керек, Роналду алдыңғы ойында да «Әл-Таи» қақпасына үш доп соққан болатын. Қазір ол Сауд Арабиясы чемпионатында ең үздік бомбардир, оның еншісінде 29 гол бар.