Бұған дейін қазақ футболшысына «Манчестер Юнайтед» скауттары қызыққан деген ақпарат та тараған болатын
Футболдан Ресей чемпионатының 24-туры аясында «Краснодар» мен «Зенит» командалары кездеседі. Аталған матчқа Франциядан скауттар келіп, сатып алуға болатын ойыншылардың ахуалын көреді деп хабарлайды «Чемпионат».
Дереккөз ақпаратынша, Лига 1 дивизионында өнер көрсететін екі клубтың өкілдері Ресейге келген. Олар «Краснодар» жартылай қорғаушысы Александр Черниковты сатып алуға ниетті.
Бұл матчта қазақстандық қорғаушы Нұралы Әліп те ойнайды. Скауттардың көзі қазақ футболшысына түсе ме, жоқ па – ол жағын уақыт көрсетеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Зенит» пен «Краснодар» чемпиондыққа таласып жатыр. Питерлік клуб небәрі бір ұпаймен алда келеді. Бүгін екеуара болатын матч чемпионат тағдырын да шешуі мүмкін.