Ол жас футболшыларды тәрбиелейтін бапкердің рөлін ойнайды
Допинг қолданғаны үшін ұзақ уақытқа футболдан шеттетілген Поль Погба бағын кинематографта сынап көрмек.
Le Parisien басылымының мәліметінше, жартылай қорғаушы француз режиссері Фабьен Онтеньентенің «Төрт нөл» атты фильміне түсіп жатыр. Футболшы «Парк де Рюэй-Мальмезон» стадионында Жерар Ланвен және Дидье Бурдон секілді актерлермен бірге көзге түсіп қалған.
Сыбыстарға сенсек, Погба фильмде жас футболшыларды тәрбиелейтін бапкердің рөлін ойнайды. Ал фильмнің көпшіліктің назарына ұсынылатын уақыты 2025 жылғы 9 сәуір деп жоспарланып отыр және ол 2002 жылы жарық көрген «Үш нөл» фильмінің жалғасы болмақ. Актерлер сапында тағы екі футбол өкілі бар – Роллан Курбис пен бапкер Ги Ру.
Естеріңізге сала кетейік, Погбаның 2023 жылы тестостеронға тапсырған анализі оң нәтиже көрсетіп, ол тамыз айында төрт жылға футболдан шеттетілді.