Даңқты футболшы биыл 45-ші трофейін жеңіп алған болатын
Футболдан АҚШ чемпионатының (МЛС) кезекті туры аясында «Интер Майами» өз алаңында «Чикаго Файрді» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал, матч басталар алдында клуб қожайындары даңқты футболшы Лионель Мессиді ерекше құрметпен қарсы алды. Аргентиналық шабуылшы биыл Америка кубогінің иегері атанып, мансабындағы 45-ші трофейіне қол жеткізген болатын.
Месси стадионға келгенде алаң ортасында 45 деген жазуы бар үлкен плакат болды. Ал, оны қоршап тағы 45 бала тұрған. Әр бала қолына Мессидің трофейі бейнеленген картиналар ұстаған.
Ал, клуб қожайындарының бірі Мессиге 45 деген цифра бейнеленген картинаны сыйға тартты.
Еске салайық, бір апта бұрын аяқталған Америка кубогінің финалында Аргентина мен Колумбия құрамалары кездескен болатын. Ойынның негізгі бөлігі 0:0 есебімен тең аяқталып, 112-минутта Лаутаро Мартинес жеңіс голын соқты.