Бразилиядағы оқиғалар-2: фэйк Рональдиньо, қарапайым Клозе, жұрт ұмытқан МакМанаман

Допингпен ұсталған атақты футболшылар

01.08.2024, 17:33

Спортшыларға қосымша күш беретін допингтің қалай пайда болғаны туралы нақты дерек жоқ. Бірақ зерттеушілер шындыққа жанасатын бірнеше болжам айтады. Соның ішінде көпшілікке белгілісі: ертеде нидерландықтар өз әскерлерінің жауынгерлік қуатын күшейту үшін жүзімнің қабығынан жасалған ішімдік түрін пайдаланған. Оны «dop» («доп») деп атаған екен.

«Бірінші голдың» бүгінгі шығарылымын спортта тыйым салынған препаратты пайдаланып, басы дауға қалған әлемге әйгілі футболшыларға арнаймыз.

Диего Марадона

Аргентиналық даңқты футболшы Диего Марадона спортта тыйым салынған препаратты қалағанынша пайдаланған адамның бірі. Ол карьерасында үш мәрте допингпен ұсталған. Алғаш рет 1991 жылы кокаин қабылдап ұсталды. Футболшының өзі тыйым салынған нәрсесі қабылдағанын жоққа шығармады және 15 айлық дисквалификацияға аса қарсылық таныта қойған жоқ. Марадона екінші рет 1994 жылы АҚШ-та өткен футболдан әлем чемпионаты кезінде тағы да допинпен ұсталды. Бұл жолы оның қанынан футболда тыйым салынған бес препараттың бар екенін анықталды. Сөйтіп ол эфедринді қолданғаны үшін тағы да 15 айға футболдан шеттетілді.

1995 жылы жазасын өтеп, футболға қайта оралған соң «Бока Хуниорспен» екі жылдық келісімшартқа отырды. Екі жылдық келісім аяқталуға жақын қалғанда, яғни 1997 жылдың жазында Марадонаның допинг сынағы қайтадан оң нәтиже берді. Және қанынан тағы да кокаин табылды. Осыдан кейін 37 жастағы шабуылшы жаза мерзімін күтпей-ақ мансабын аяқтауға шешім қабылдады.

Клаудио Каниджа

Тағы бірі аргентиналық футболшы, Марадонаның ең жақын достарының бірі  Клаудио Каниджа «Рома» сапында ойнап жүргенде кокаин қолданған. 1993 жылы наурызда «Наполимен» өз алаңындағы матчтан кейін аргентиналық футболшының допинг сынамасынан тыйым салынған препараттың іздері табылды. Сөйтіп Каниджа футболдан 13 айға шеттетіліп, жаза мерзімі аяқталғаннан кейін Португалияның «Бенфика» клубында доп тепті. Ал 1995 жылы өз отанына оралып, «Бока Хуниорс» сапында Марадонамен бірге мансабын жалғастырды.

Адриан Муту

Румыниялық Адриан Муту өз талантына, болашағына өзі балта шапқан футболшы. 2003 жылы Роман Абрамович оны «Пармадан» 23 млн еуроға сатып алған еді. Талантты жас футболшы «Челси» сапындағы алғашқы 6 матчта ол 5 гол соғып, ә дегеннен қатардағы қарапайым шабуылшы емес екенін дәлелдеп тастаған еді.

Алайда 2004 жылы 25 жастағы футболшының кокаин қолданғаны анықталып, 7 айға футболдан шеттетілді. Ағылшын клубы футболшымен дереу келісімшартын бұзып, ФИФА арқылы одан клуб беделіне нұқсан келтіргені үшін 12 млн еуро төлеуін талап етті. Муту мұнымен келіспей, қарсы сотқа берген. Алайда Спорттық арбитаж соты (CAS) оған тағы 5 миллион еуро төлеуге міндеттеді.

Бұл оқиға футболшының да беделіне зиянын тигізген соң Муту Италия А сериясына кетті. Ол жақта «Ювентус» және «Фиорентина» клубтарында ойнап, 2010 жылдың қаңтарында тағы да допингпен ұсталды. Бұл жолы оның қанынан сибутрамин препараты табылды. Румын футболшысы 9 айға шеттетіліп, ары қарай карьерасында құлдырау бастады. Ал 2016 жылы футболшы мансабын аяқтады.

Бернард Лама

90-жылдары ПСЖ клубының негізгі қақпашысы болған Бернард Лама жарақатына байланысты маусымның бір бөлігін өткізіп алды. Жарақатынан айығып, негізгі құрамға оралғаннан кейін каннабиспен ұсталды. Франциялық қақпашы допингке қарсы ережені бұзғаны үшін футболдан 15 айға шеттетілуі керек еді. Бірақ 1998 жылғы Францияда өтетін әлем чемпионатына 14 ай қалғандықтан, қақпашының жазасы бес айға дейін қысқартылып, үш айын шартты түрде өтеді. Франция құрамасының бас бапкері қақпашыны ұлттық құрамаға шақырғанымен, чемпионатта мүлде ойнаған жоқ.

Яп Стам

Даңқты нидерландтық қорғаушы Яп Стам «Манчестер Юнайтедпен» үш дүркін АПЛ чемпионы атанған соң 2001 жылы Италияның «Лацио» командасына ауысты. 2001/02 жылғы маусымның басында Стам ұзақ әсер ететін анаболикалық стероид нандролонды қабылдағаны белгілі болды.  Нидерландтық қорғаушы футболдан бес айға шеттетілді. Бірақ апелляциядан кейін көп ұзамай мерзім бір айға дейін қысқарды.

Эдгар Давидс

Тағы бір танымал нидерландтық футболшы Эдгар Давидс 90 жылдардағы әлемдегі ең үздік жартылай қорғаушылардың бірі еді. «Миланнан» «Ювентус» сапына ауысқанда Давидс Зиданмен тандем құрап, өте жарқын ойын өткізді. Алайда 2001 жылы нидерландық футболшының тапсырған допинг-тестті оң нәтиже көрсетіп, қанынан нондралон препараты табылды. 16 айға футболдан шеттетілген Давидске 2002 жылғы әлем чемпионатына қатыса алмай қалу қаупі туындады.  Жартылай қорғаушы істі қайта қарауды талап етті. Өткені Эдгар аталған препарат қанына кездейсоқ дәрі ішкеннен еніп кету мүмкін екенін айтып, ақталды. Нәтижесінде оның уәжі қанағаттандырылып, жаза мерзімі 16 айдан 4 айға дейін қысқартылды. Бірақ сонда да ол әлем чемпионатына қатыса алмады.

Самир Насри

«Арсенал», «Манчестер Сити» клубтарында жарқырап өнер көрсеткен франциялық жартылай қорғаушы Самир Насри 2016 жылы АҚШ-та витаминдік терапияға маманданған DripDoctors клиникасында емделді. Алайда бұл процедурадан өтуге допингке қарсы ережеде қатаң тыйым салынған. Өйткені мұндай емді арнайы санаттағы спортшылар ғана қолдана алады. Насри бұл емге арнайы ерекшелігі үшін жүгінбеген соң Испаниядағы допингке қарсы зертхана оны дисквалификацияға жіберуді ұсынды. Өйткені аталған процедураның көмегімен ағзадағы есірткі мен допингтің ықтимал іздерін жасыруға болады. WADA Насриді 4 жылға шеттетуді ұсынғанымен, тыйым салынған дәрі-дәрмектерді қолданғаны туралы нақты дәлел болмағандықтан, оны бірінші екі жылға, кейінірек бір жылға дейін футболдан шеттетті. Бірақ соңында Насри алты айлық шеттетумен құтылып кетті.

Андре Онана

«Аякс» клубының қақпашысы Андре Онана 2021 жылы допинг қолданғаны үшін бір жылға футболдан шеттетілді. Камерундық футболшының қанынан фуросемид препараты табылған болатын. Клуб ойыншы өзін нашар сезінгенін, сондықтан жұбайына ішуге берілген дәріні қолданғанын айтып, ақталды.  Бірақ ол футболда тыйым салынған препарат еді.

УЕФА футболшы өзінің спорттық көрсеткіштерін жақсартуға тырыспағанын мойындағанына қарамастан, қақпашыны футболдан 12 айға шеттетті. УЕФА бұл шешімді футболшылар кез келген дәрі дәрмекті бей-берекет қолдана бермей, не ішіп, не жегенін әрдайым қадағалап отыру, басқаларға сабақ болу үшін шығарды.

Марк Боснич

Аустралиялық Марк Боснич 20-шы ғасырдағы Мұхит аймағындағы ең үздік қақпашы, «Манчестер Юнайтед», «Астон Вилла», «Челси» сияқты командаларда ойнаған футболшы ретінде емес, бейәдеп бейнелерімен, есірткіге тәуелділігімен танымал еді. 2002 жылы 30 жастағы қақпашы кокаин қолданғаны үшін футболдан 9 айға аластатылды. Бірақ ол соңғы сәтке дейін кокаинді жеңіл жүрісті қыздар алдап құйды деп сендіріп, өзін ақтап алуға тырысты. Бірақ оның бұл сөзіне ешкім назар аударған жоқ.

Абель Шавьер

Португалиялық қорғаушы Абель Шавьер өзінің ұлттық құрамадағы, клубтардағы сенімді ойынмен емес, өзінің сыртқы келбетімен, мінез-құлқымен ерекшеленіп тұратын. Футболшы карьерасындағы 18 жылында 12 клубта доп тепті. «Мидлсбро» командасында ойнаған кезінде допинг дауына тап болды. Бір жылдық дисквалификациясын өтегеннен кейін ойыншы карьерасындағы қара дақтан арылу үшін АҚШ асып, 2007-2008 жылдары «Лос-Анджелес Галакси» сапында ойнады. Бутсысын шеге ілген соң бапкерлік өнерге бет бұрды.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам