Клуб Седневпен бірге соңғы ел чемпионатында чемпион атанған
Шымкенттік «Орлабасы» ФК бас бапкері Александр Седнев еурокубоктегі сәтсіздіктен кейін отставкаға кететіні туралы мәлімдеді. Meta-ratings.kz тілшісіне берген сұхбатында ол Армениядағы жеңілістің себебін де түсіндірді.
Еске салайық, Конференция лигасының екінші айналымында «Ордабасы» армениялық «Пюникпен» кездескен болатын. Шымкентте өткен ойында да, Ереванда өткен қарымта матчта да «Ордабасы» 0:1 есебімен жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды.
«Өз ойыншыларыма барын салып ойнағаны үшін алғысымды айтқым келеді. Матч алдында олар қатты толқыды. Өйткені, бұл біз үшін өте маңызды ойын еді. Өкінішке қарай, алдымызға қойған тапсырманы орындай алмадық. Енді командаға жаңа қан керек. Сондықтан мен басшылық пен ойыншыларға кететінім туралы айттым», - деді А.Седнев.
Айта кетейік, «Ордабасының» бас бапкері 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ел біріншілігі басталмас бұрын оның отставкасы туралы айтылғанымен, Шымкент әкімдігі Седневті ешқайда кетпейтінін мәлімдеген. Бұл жолы оның отставкасына қатысты әкімдік те, клуб басшылығы да әлі ресми мәлімдеме айтқан жоқ.