Станислав Саламович баптаған уақытта Ресей ФИФА рейтингінде 55-ші орынға дейін төмендеген
Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін жанкүйерлер кінәліні іздей бастайтыны анық. Төрт ойынның үшеуінде жеңіліп, біреуінде тең ойнаған Черчесов шәкірттері бірде-бір гол соға алған жоқ. Осыдан кейін ресейлік маманның тарапына үлкен сын айтылып, біліктілігі мен іскерлігіне күмәнмен қарайтындар көбейді.
Десе де, ресейлік кейбір сарапшылар Ұлттар лигасында Қазақстан қарсыластарының өте мықты болғанын айтып, Станислав Саламұлын ақтап алуға әлі де тырысып жатыр. «Алдағы уақытта міндетті түрде оң өзгерістер мен жеңістер болады» деп сендіргісі келеді олар. Тіпті, Черчесовтың 2018 жылғы әлем чемпионатында Ресей құрамасын ширек финалға алып шығуын да мысалға келтіруде.
Бірақ, Ресей футболына қатысы бар өзге мамандар 2018 жылғы мундиальда Ресей құрамасының 1/4 финалға шығуын кездейсоқтық деп санайды. Ал, Черчесовты ортаңқол бапкер дейді олар.
Пермьнің «Амкар» клубы мен Қазақстан құрамасының экс-қорғаушысы Алексей Поповтың айтуынша, Черчесов Ресей құрамасына 2016 жылы бас бапкер болған кезде де дәл осындай жағдай орын алған.
«Таң қалмаймын. Ұлттар лигасы қосалқы турнирлердің қатарында. Тіпті, бұл ойды интервью кезінде Черчесовтың өзі де, федерация басшылары да айтқан болатын. Олардың сөзіне сенсек, бас бапкер әзірге ойыншыларды сынап-бақылауда. Яғни, Черчесов төмен көрсеткіштерден қорқудың қажеті жоқ дейді. Алайда, біз мұны 2018 жылы Ресейдегі Әлем чемпионатына адында да естідік. Екі жыл бойы Ресей құрамасы жеңілістен көз ашқан жоқ. Мундиаль қожайыны болғандықтан іріктеуге қатыспай тікелей топтық кезеңге түсті. Ал, чемпионаттың ширек финалына шығуы – кездейсоқтық, оған Черчесовтың қатысы жоқ. Мұны біз Әлем чемпионатынан кейінгі де, дейінгі де кезде көрдік. Дәл осындай сәттілік Қазақстанмен де бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді», - деді Попов.
2016 - 2018 жылдары Әлем чемпионатына дайындық барысында Черчесов бастаған Ресей құрамасы Коста-Рика, Кот-д’Ивуар, Катар, Бразилия, Франция сынды елдерден оңбай жеңіліп, жанкүйерлер сынына ұшыраған болатын. Тіпті, әлемдік рейтингте бұрын-соңды болмаған антирекордтық көрсеткіш тіркелген.
«2016 жылдың күзінде Ресей ұлттық құрамасы ФИФА рейтингінде 55-орынға түсті. Тіпті қазір екі жылдан астам уақыт еш жерде ойнамай, барлық жарыстан шеттетілгеннің өзінде Ресей одан да жоғары орында тұр. Жеңістеріміз – Румыниямен ойнағандай қиыншылықпен, жеңілістеріміз – Катарға қарсы күрескендей масқара еді», - деп еске алады Черчесовтың бапкерлік кезеңін ресейлік спорт журналисі Антон Ванюшев.
Айта кетейік, Черчесовтың кезінде Ресей құрамасы 57 матч өткізген. Оның 25-і жеңіспен, 24-і жеңіліспен, 11-і тең аяқталған.
Ал, Қазақстан құрамасымен Станислав Саламұлы 4 матч өткізіп, үшеуінде жеңілді және біреуін тең ойнады. Қарсылас қақпасына мүлдем гол соққан жоқ, өз қақпасына 8 гол жіберді.