17 қарашада ұлттық құрама соңғы ойынын сырт алаңда Норвегиямен өткізеді
Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы аясында Алматыда Аустрия құрамасына есе жіберді. Сөйтіп, жеңілістер сериясын төртеуге дейін жеткізді.
Станислав Черчесов шәкірттері бұл жолы қарсыласқа 0:2 есебімен жол берді. Мәселе бірінші таймда шешілді. Осылайша, ұлттық қатарынан төртінші матчта жеңіліп, әрі бірде-бір гол соққан жоқ. Бес матчтың нәтижесі мынандай: 0:0, 0:3, 0:4, 0:1, 0:2.
Черчесов келгелі қарсыластар қақпамызға 10 гол салса, біздікілер әзірге голдың не екенін білмей жүр. Соның арқасында Ұлттар лигасында антирекорд тіркеді. Бұрын-сонды бұл жарыста қатарынан төрт ойында жеңіліп, гол соқпау деген болмаған.
Енді 17 қарашада ұлттық құрама соңғы ойынын сырт алаңда Норвегиямен өткізеді.