Оның тобығы қайырылып кеткен
Қазақстан құрамасы мен «Зенит» клубының қорғаушысы Нұралы Әліп аяғын ауыр жарақаттап алды. РПЛ-дің кезекті туры аясында питерлік клуб Самараның «Крылья Советов» командасымен ойнаған болатын. Әліп 82-минутта жарақат алуына байланысты басқа ойыншымен алмастырылды.
«Зенит» аталған матчта 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Қазақстандық қорғаушы 72-минутта баспен гол соғып, есепті қысқартқанымен, қонақтар жеңісті уысынан шығарған жоқ. Ал, матч аяқталар тұста Әліп тобығын қайырып алды. Бұл сәттің фотосуретін «СБГ Мысли Вслух» Telegram-каналы жариялады.
«Әліптің жантүршігерлік жарақаты (оң аяғының тобығы тайып кеткен). Қазақтың тезірек сауығып, қатарға қосылуын тілейміз», - деп жазды аталған каналдың авторы.