
Ол бала кезден «Барселона» сапында ойнауды армандағанын жасырмады
Мәскеудің ЦСКА-сында ойнайтын өзбекстандық футболшы Аббосбек Файзуллаев мюнхендік «Бавария» сапына ауысуы мүмкін. Бұл ақпаратты Файзуллаевтың өзі «Чемпионат» порталына берген сұхбатында растады.
«Олар менің агенттеріммен байланысқа шығып, қызығушылық танытқаны рас. Нақты бірер мәселені сұраған. Бірақ, мен бұл жайтқа салқынқанды қарап отырмын, өйткені байланысқа шығу деген контрактке қол қою деген емес», - деді Файзуллаев.
Өзбек футболшысы «Бавария» сапында ойнауға қызығатынын жасырмады. Десе де, дәл қазір нақты ұсыныс болмағандықтан, бар күш-жігерін ЦСКА-дағы ойындарға салатынын айтып отыр. Өйткені Ресей Премьер-лигасы енді ғана басталған.
Жалпы, Аббосбек Файзуллаев бала кезінен «Барселонаның» жанкүйері болғанын және сол клубта ойнауды армандайтынын да айтты. Хосеп Гвардиола бапкер ретінде оның кумирі болған.
Айта кетейік, Файзуллаев ЦСКА-ға 2023 жылы ауысып келді. Осы уақыт аралығында мәскеулік клуб сапында ол 55 матч өткізген.