
Тәжікстан құрамасы да тарих жасаудың алдында тұр
Сауд Арабиясында өтіп жатқан U-17 жас санатындағы ойыншылар арасындағы 2025 жылғы Азия Кубогының топтық кезеңінің екінші турында Өзбекстан құрамасы Қытай жасөспірімдерінен 2:1 есебімен басым түсті.
Өзбекстан құрамасының сапында Садриддин Хасанов (45+1 мин) пен Асилбек Алиев (86-мин) мергендік танытса, Қытай құрамасынан Чжан Чэнжуй (33-мин) көзге түсті.
Осы жеңісінің арқасында Өзбекстан Азия Кубогының ширек финалына мерзімінен бұрын жолдама алып, сонымен қатар 2025 жылы Катарда өтетін U-17 әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болды.
Қазіргі таңда екі турдан кейін Өзбекстан құрамасы 6 ұпаймен А тобында көш бастап тұр. Бұл топта Өзбекстанмен бірге Сауд Арабиясы, Таиланд және Қытай құрамалары да өнер көрсетуде.
Бұдан бөлек, Тәжікстан жастары да Оманды жеңді, есеп – 2:1. Бұл да Әлем кубогына қатысуға жақсы мүмкіндік. Егер бәрі сәтімен болса, онда Әлем кубогында тұңғыш рет Орталық Азияның екі бірдей елі бақ сынайды.