
Бұл туралы Ақтөбе облысының прокуратурасы мәлім етті
Ақтөбе облысының прокуратурасы Бас прокуратураның тапсырмасы негізінде «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Ақтөбе» футбол клубының қызметін тексерді.
Нәтижесінде 250 миллион теңгеге жуық қаржылық заңбұзушылықтар тіркелді.
Тексеру барысында клуб тарапынан ойыншыларды трансферлеу және әуе тасымалдау қызметтері бойынша күмәнді мәмілелер жасалғаны анықталды. Бұған қоса, ойыншылардың тамақтануына бөлінген бюджет қаражаты кейбір қызметкерлердің жеке қажеттіліктеріне жұмсалғаны белгілі болды.
Аталған фактілер бойынша облыстық прокуратура Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің:
189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы – (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу),
361-бабының 4-бөлігі, 1-тармағы – (лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану),
190-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы – (аса ірі мөлшердегі алаяқтық)
бойынша үш қылмыстық іс қозғады.
Істер одан әрі тергеп-тексеру үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолданды. Қылмыстық істердің тергелуі облыс прокуратурасының бақылауында.