
Дженнифер Лопес Алматыдағы стадионда 10 тамыз күні концерт өткізбекші
Алматылық «Қайрат» футбол клубы Дженнифер Лопестің Орталық стадионда концерт беруіне қатысты тараған ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
Клуб мәлімдемесінде аталған күндерде стадионда маңызды футбол матчтары жоспарланғаны айтылған.
Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылдың 16 мамырында Алматы қалалық Спорттық нысандар дирекциясынан Дженнифер Лопестің концертіне байланысты Орталық стадионды алдын ала брондау туралы хабарлама түскен.
Алайда клуб жауабында бұл мерзімде концерт өткізу мүмкін еместігін мәлімдеген.
«Аталған кезеңде Қазақстан Премьер-лигасы аясындағы ресми ойындар мен клубтың еурокубоктық жарыстардағы міндеттемелері бар. Бұл күндерге өзге іс-шараларды өткізуге мүмкіндік жоқ», – делінген клубтың ресми Telegram-арнасында.
Клуб мәліметінше, 9 немесе 10 тамызда Орталық стадионда «Қайрат» – «Жеңіс» матчы өтеді. Бұл ойын республикалық жарыс күнтізбесіне енгізілген. Бұған қоса, 7 және 12 тамызда команда еурокубок ойындарына қатысады. Осыған байланысты УЕФА талаптарына сай стадион алдын ала дайындалуы тиіс. Бұл басқа іс-шаралар өткізуге шектеу қояды.
«Қайрат» клубы мәдени шараларға құрметпен қарайтынын атап өтті, алайда шоу туралы жарияланымды таңданыспен қабылдағанын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін «Астана концерт» компаниясының продюсері Малик Хасенов Дженнифер Лопестің Алматыда екінші, қосымша концерті 10 тамызда өтеді деп жариялаған еді. Оның айтуынша, билеттер қайтарылмайтын болады.