
Десе де, оның клубы көшбасшылар қатарында емес
АҚШ чемпионатының кезекті туры аясында «Интер Майами» сырт алаңда «Филадельфия Юнионмен» кездесіп, 3:3 есебімен тең тарқасты.
Ойынның соңына дейін майамиліктер 1:3 есебімен жеңіліп тұрған. Дегенмен, Лионель Месси мен Теласко Сеговия бір-бір голдан соғып, командасын жеңілістен құтқарып қалды.
«Филадельфия Юнион» сапынан Куинн Салливан (7-минут) есеп ашса, Тай Барибо (44 және 73-минуттар) дубль авторы атанды. Ал, «Интер Майами» сапынан 60-минутта Тадео Альенде жауап голын соқты. Жанкүйерлер ойынды осы есеппен аяқталады деп ойлағанымен, 87-минутта Месси, 90+5 минутта Сеговия таразы басын теңестіріп кетті.
Бар-жоғы 23 ұпай жинаған «Интер Майами» турнир кестесінің алтыншы сатысында келеді. «Филадельфия Юнион» 30 ұпаймен көш бастап келеді.