
Маусым басында испан маманы Марлон Веласко бас бапкерліктен босатылған еді
«Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков құрамаға жаңа бас бапкер тағайындалғанын мәлімдеді.
«Биылғы ең үлкен жаңалығымыз - жаңа бас бапкер. Біз Бразилияның 2023/24 маусымындағы үздік жаттықтырушысын шақырдық. Оның тәжірибесі мен ойыны бізге толық сәйкес келеді. Бұл - үлкен қадам. Сонымен қатар, үш негізгі ойыншымыз кетіп жатыр: Алиссон мен Деннис — «Пальмаға», ал Денер - «Эль-Посоға» барады. Бұл - үлкен шығын, бірақ футзалдың шындығы осы.
Бразилиялық жаңа қақпашымен келісім бар, сондай-ақ жас столбпен де келісім жасалды. Ең қиын сұрақ – Денер орнын басатын ойыншыны табу. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Толық құрам шілде айының соңында немесе тамыздың басында жарияланады», – деді Қайрат Оразбеков.
Айта кетейік, маусым айының басында испан маманы Марлон Веласко бас бапкерліктен босатылған еді. Ол алматылық клубты 2023 жылдың тамызынан бастап жаттықтырды. Веласконың жетекшілігімен «Қайрат» екі мәрте Қазақстан Суперкубогын иеленіп, ел кубогын жеңіп алды, сондай-ақ Португалияда өткен Masters Cup халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. Оның ең үлкен жетістігі – футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасы-2025 турнирінің күміс жүлдесі болды.
Қазіргі уақытта клубтың спорттық директоры Густаво Парадеда уақытша бас бапкер міндетін атқарып отыр.