
27 жастағы футболшы мәскеулік командамен келісімге келген
Қазақстандық жартылай қорғаушы, қазіргі таңда түркиялық «Бешикташ» сапында ойнап жүрген Бахтиер Зайнутдинов мансабын Ресейдің «Динамо» (Мәскеу) клубында жалғастыруы мүмкін. Бұл туралы Sports24.kz сайты жазды.
Fotospor мәліметінше, 27 жастағы футболшы мәскеулік командамен жеке келісімшарттың шарттарын келісіп қойған. Енді оның ауысуы «Бешикташ» пен «Динамо» клубтарының трансфер сомасын келіскеніне байланысты болып отыр. Түркиялық клуб Бахтиерді 2023 жылы Мәскеудің ЦСКА клубынан 4,5 миллион еуроға сатып алған және дәл осы сомаға бағалап отыр.
2024/25 маусымында Бахтиер «Бешикташ» құрамында 12 ойын өткізіп, бір нәтижелі пас берді. Оның түрік клубымен келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін жарамды. Transfermarkt дерегінше, қазақстандық жартылай қорғаушының нарықтағы құны – 3,3 миллион еуро.