Бұған дейін Қазақстан командасы алғаш рет IberCup-қа қатысқан
Қазақстандық төрт жас футболшы алғаш рет ресми түрде Португалия футбол академияларына тіркеліп, ФИФА жүйесіне енгізілді. Бұл туралы «Арландар» (Қазақстан) және «Брагалона» (Португалия) клубтарының иесі Фазылбек Бейсенбай мәлім етті.
«Қазіргі таңда біздің балалар түрлі деңгейдегі дайындық топтарында жаттығуда. Барлығының лицензиялары бар және олар ФИФА жүйесіне енгізілді. Мұндай жұмысты Қазақстанда әзірге ешбір клуб жүзеге асыра алған жоқ», - деді Фазылбек Бейсенбай ҚазАқпарат тілшісіне.
Оның айтуынша, қазақстандық жасөспірімдердің шетелде кәсіби даярлықтан өтуі Португалия футбол мектептерімен бірлескен жобадан бастау алған. Бүгінде 14 жастағы Әлихан Тоймахан, Ұлтқанат Фазылбек, Шәкәрім Сағатбек және Адіхан Ануарбек халықаралық базаға енгізіліп, Лиссабон академияларында оқып жүр.
Бұған дейін Қазақстан командасы алғаш рет әлемнің 100-ден астам елінен қатысушыларды жинайтын ірі балалар турнирі IberCup-қа қатысып, ел намысын қорғаған еді.
Фазылбек Бейсенбай атап өткендей, олар - Лиссабон футбол қауымдастығы ресми түрде шақырған және музейге экскурсия жасау құқығына ие болған Қазақстаннан келген алғашқы команда. Сонымен қатар командаға естелік медаль табыс етілген.
«Біз балаларды академияларға жіберумен ғана шектелмей, 18 жастан асқан ойыншыларға да Португалиядағы кәсіби клубтарда қаралымнан өту мүмкіндігін аштық. Бұл — қазақстандықтар үшін шетелде ойнап, білімін жетілдіріп, көкжиегін кеңейтуге берілген зор мүмкіндік», - деді Қазақстан мен Португалия клубтарының иесі.
Бүгінде Қазақстандағы аталған жобаны жүзеге асырып отырған клубта 7 жастан 17 жасқа дейінгі барлық жас санатындағы командалар және әйелдер командасы жаттығады.
«Жалпы мақсатымыз - қазақстандық балалардан әлемдік деңгейдегі футболшылар дайындап, 2030 жылы Португалияда өтетін футболдан әлем чемпионатын жеңіп алу», - деп түйіндеді Фазылбек Бейсенбай.