
Футболшының трансферлік құны 3 миллион еуроны құрайды
Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов медициналық тексерістен сәтті өтіп, «Бешикташтан» Мәскеудің «Динамосына» ауысуға бір табан жақындады.
«РБ Спорт» мәліметінше, футболшының трансферлік құны, бонусын қоса есептегенде, шамамен 3 миллион еуроны құрайды. Ресми келісім алдағы күндері жарияланады деп күтілуде.
27 жастағы Зайнутдинов Ресей футболына жақсы таныс - ол бұған дейін «Ростов» сапында 35 матч, ЦСКА құрамында 83 матч өткізген. Ал «Бешикташта» өткен маусымда жарақатына байланысты небәрі 9 ойынға қатысқан.
Айта кетейік, «Динамоның» бас бапкері Валерий Карпин Зайнутдиновпен «Ростовта» жұмыс істеген және оны команда сапында қайта көргісі келетінін ашық айтып еді.