
Келіссөз Берлиндегі Өзбекстан елшілігінің көмегімен жүргізілген көрінеді.
Осыдан біраз бұрын неміс маманы Йоахим Лёвтің Өзбекстан құрамасын жаттықтыруы мүмкін екені туралы ақпарат тараған.
Өзбекстан футбол қауымдастығы ел тарихындағы алғашқы әлем чемпионаты қарсаңында германиялық бапкерге ұлттық құрама тізгінін алуды ұсынған. Алайда беделді Bild басылымының дерегінше, Лёв Өзбекстан ұсынысынан бас тартқан. Келіссөздер онлайн форматта, Берлиндегі Өзбекстан елшілігінің көмегімен жүргізілген көрінеді.
Басылым мәліметінде неміс маманы ұсыныс жайлы бірнеше күн ойланғанымен, Өзбекстан құрамасымен жұмыс істеуден бас тартқаны айтылған. Бұл жаңалықтан кейін көптеген өзбек жанкүйері реніш білдірді. Дегенмен жанкүйерлердің басым бөлігі әлем чемпионатына құраманы тәжірибелі шетелдік бапкер жаттықтырғанын қалайды.
Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды, енді көршілеріміз 2026 жылғы әлем біріншілігінде өнер көрсетпек.
Йоахим Лев 2006 жылдан бастап 2021 жылға дейін Германия құрамасын жаттықтырған. Оның басшылығымен неміс құрамасы 2014 жылы әлем чемпионы, ал 2017 жылы Конфедерациялар кубогының жеңімпазы атанды.
2021 жылдан бері Лев ешбір команданың бас бапкері қызметін атқарған жоқ.