
18 жастағы жас талант Рамазан Багдатқа сеніп тапсыруы мүмкін.
Алматының «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі «Селтикке» қарсы қарымта ойыны алдында бірқатар кадрлық қиындықтарға тап болды.
Команданың басты сұрмергені, бразилиялық Эдмилсон жаттығу барысында жарақат алып, алаңға шыға алмайтын болды. Осыған байланысты бас бапкер Рафаэль Уразбахтин шабуыл шебін Рикардиньо мен 18 жастағы жас талант Рамазан Багдатқа сеніп тапсыруы мүмкін.
Қорғаныс шебінде жақсы жаңалық бар: португалиялық қорғаушы Луиш Мата медициналық штабпен ақылдаса келе алаңға шығуға шешім қабылдады. Ол матч барысында ауырсынуды басатын дәрілердің көмегіне жүгінеді.
«Қайрат» бұған дейін де бірнеше негізгі ойыншысынан айырылған еді. Қақпашы Александр Заруцкий мен жартылай қорғаушы Гиорги Зария жарақатына байланысты қатыспайды. Ал қорғаушы Дастан Сәтпаев дисквалификацияға байланысты алаңға шыға алмайды.
Шешуші матч 26 тамыз күні Алматыдағы «Орталық» стадионда, сағат 21:45-те (Қазақстан уақыты) басталады.