
Танымал қарсыластармен ойнағымыз келеді
Алматының «Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шыққаннан кейінгі баспасөз мәслихатында тілшілердің сұрағына жауап берді.
– Егер Заруцкий жарақат алмағанның өзінде Анарбеков пенальти сериясына дайындалар ма еді?
– Біз бұны Словакияда ойлағанбыз. Бірақ ол кезде ештеңені өзгертпеуді жөн көрдік. Қақпашылар бапкері Темірлан сенімді ойнайтынын айтты. Ол қарсыласты жақсы біледі. Нәтижесінде бәрі солай болды.
– Чемпиондар лигасының тобына шыққаннан кейін қандай міндеттер қойылады?
– Маусым басында басты мақсатымыз – чемпионат пен Кубокты жеңіп алу және еурокубок топтық кезеңіне шығу еді. Мүмкін, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне түсеміз деп нақты ойламаған шығармыз. Бірақ әйетеуір бір еурокубок турнирдің топтық кезеңге шығу болатын. Бәрі солай өрбіді де, біз мұнда бармыз. Жігіттерге «бәрін қиындатып жібердіңдер» деп айтамын. Бірақ әзірге жаңа мақсаттар жайлы сөз қозғамаймыз.
– Қай қарсыласты қалайсыздар?
– Бұл туралы мүлде ойламаппын. Ойын алдында жігіттерге топта ойнайтын командаларды көрсеттік – бәрі грандтар. Тіпті суреттерін басып шығарып, киім ауыстыратын бөлмеге іліп қойдық. Бұл – менің шешімім болды. Жігіттер соларды көруі үшін әдейі істедік. Әрине, танымал қарсыластармен ойнағымыз келеді. Өмірде бір рет болса да оларға қарсы шығу үлкен арман. Біздің стадион да Глазгодағыдай болса, жанкүйерлер алдында ойнау қандай керемет болар еді.
– Көп ойыншы жарақат алған. Қалпына келу барысы мен чемпионат пен еурокубокты қалай үйлестіресіздер?
– Мақсатымыз – чемпион атану. Соңына дейін күресеміз. Көбіне бұлшық ет жарақаттары. Мұндай тығыз кестеде ұзақ уақыт ойнауға үйренбегенбіз. Алайда бізде басқаларды алмастырып, өз мүмкіндігін пайдалануға дайын жігіттер бар.
– Қазақстан құрамасын жаттықтыруға дайынсыз ба?
– Мұндайды естіген жоқпын. Маған әзірге ерте. Мұнда алғашқы қадамдарымды жасап жатырмын.
– Өзіңізді «Қайрат» тарихындағы ең үздік бапкер деп санайсыз ба? Бұған дейін үздік деп Владимир Вайссты атаған еді, ал сіз оны жеңдіңіз.
– Жоқ, өзімді олай санамаймын. Әлі үйренетінім көп.
– Заруцкийді, Зарияны және Эдмилсонды қашан көреміз?
– Заруцкий шамамен бір ай ішінде қалпына келеді деп ойлаймын. Эдмилсон да ұзақ уақыт сыртта қалмайды. Ал Зарияға келсек, микрожыртылу бар. Бір апта болуы мүмкін, бәлкім одан да көп. Словакияда қатты соқтығысып қалды. Басында жай ғана соққы деп ойладық, бірақ жарақаты ауырлау болып шықты.
Айта кетейік, алғашқы ойын Глазгода тең аяқталған еді. Осылайша, «Селтик» енді Еуропа лигасында бақ сынауды жалғастырады.