
«Уфа» футбол клубы енді матчтар алдында қымыз ішуді дәстүрге айналдырған
Ресейлік «Уфа» футбол клубының бас директоры Марат Шмаков ойыншылардың нәтижесін арттыру үшін жаңа әдіс қолданып жүргенін айтты. Оның сөзінше, команда енді матчтар алдында қымыз ішуді дәстүрге айналдырған, деп хабарлайды Sports.ru.
Шмаков мұндай бастаманың пайда болуына вингер Уильямс Чимезидің оқиғасы себеп болғанын жеткізді. Ұзақ уақыт бойы қақпаға доп соға алмаған ойыншы қымызды күнделікті рационына қосқаннан кейін гол соға бастаған.
«Басқа футболшылар да қымыздың әсерін көріп, таңғалуда. Енді бүкіл команда болып ішетін боламыз. Бұл бізге нәтиже әкеледі деп сенеміз», – деді клуб басшысы.
Нутрициолог Александра Степаненко да қымыздың ерекшелігін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл сусындағы ақуыз кәдімгі сүттегі ақуызға қарағанда әлдеқайда тез сіңеді.
«Қымыздағы ақуыз бұлшықетке жылдам жетіп, ойын барысында пайда болған зақымдарды қалпына келтіреді», – деп түсіндірді маман.