
Өзбекстан құрамасын 2026 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңіне дайындайтын болады
«Алтын доп» иегері, әлем чемпионы Фабио Каннаваро Өзбекстан ұлттық құрамасын жаттықтыруға келісімін берді. Бұл туралы инсайдер Фабрицио Романо хабарлады.
Италиялық маман мен Өзбекстан футбол федерациясы келісімшарттың негізгі талаптары бойынша ортақ мәмілеге келген. Ресми құжаттарға қол қою алдағы 24-48 сағат ішінде күтіледі.
Фабио Каннаваро – әлем футболының аңызы. Ол Италия құрамасының сапында 2006 жылғы әлем чемпионы атанып, сол жылы «Алтын допты» иеленген. Клубтық мансабында «Интер», «Ювентус», «Реал Мадрид» сынды алпауыттарда ойнаған.
Жаттықтырушы ретінде Қытайдың «Гуанчжоу Эвергранд», «Тяньцзинь Цюаньцзянь» клубтарын, Сауд Арабиясының «Әл-Насрын», Қытай ұлттық құрамасын, сондай-ақ Италияның «Беневенто» мен «Удинезе» клубтарын басқарған. Соңғы жұмыс орны – Хорватияның «Динамо Загреб» командасы.
Енді Каннаваро Өзбекстан құрамасын 2026 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңіне дайындайтын болады.