
Атақты футболшы өмірдегі бақыт ұғымы туралы пікірін айтты
Атақты футболшы, ал қазір «Милан» клубының аға кеңесшісі болып қызмет атқарып жүрген Златан Ибрагимович өмірдегі бақыт ұғымы туралы өз ойымен бөлісті.
«Жеткілікті ақшаң болса, жақсы өмір сүруге болады. Бірақ қазіргі заманда қандай ақша «жеткілікті» деп есептеледі? Мен өмірдің екі жағын да көрдім: ақшасы жоқ отбасында өстім, әкем айына 1000 еуро табатын, біз сол соманы бөлісіп жұмсайтынбыз. Бұл оның ақшасы еді, бірақ қажет кезде менімен бөлісетін. Сол кезде де мен өзімді бақытты сезіндім. Сонда бақыттың мәні неде?
Бақыт… Бұл не деген сөз өзі? Қазір мен бақыттымын, бірақ он минуттан кейін бәрі өзгеруі мүмкін. Демек, маңыздысы – сол сәттердің өзі. Ақша өмірді жеңілдетеді, бірақ менің ойымша, ол адамды бақытты етпейді. Сондықтан мен үшін ең қымбат нәрсе – өмірдің сәттері. Мен бір кезде Барселонаға баруды армандадым, бірақ бір жылдан кейін ол арманым қорқынышқа айналды. Міне, өмір осындай сәттерден тұрады», – деді Ибрагимович Sport.es басылымына берген сұхбатында.