Клуб ресми және сенімді ақпаратқа сенуге шақырды
Алматылық «Хан-Тәңірі» футбол клубының бас директоры Тимур Молдағалиев жас футболшы Диас Төлеудің қазасына байланысты ресми мәлімдеме жасады.
«Бұл — біздің клуб пен жалпы қазақстандық футбол үшін орны толмас ауыр қайғы. “Хан-Тәңірі” футбол клубы Диас Төлеудің отбасына және жақындарына шын жүректен көңіл айтады», — деді ол.
Клуб басшылығының мәліметінше, қайғылы жағдайды ешкім болжай алған жоқ. Барлық медициналық тексерулер нәтижесі бойынша Диастың денсаулығында ешқандай ауытқу байқалмаған.
Матч кезінде алаңда барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жедел жәрдем тобы кезекшілікте болған. Дәрігерлер алғашқы көмекті дереу көрсетіп, Диастың тынысын жол үстінде сақтап тұрған. Ол төрт минуттың ішінде №12 қалалық ауруханаға жеткізілгенімен, өкінішке қарай, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Қазіргі уақытта барлық қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Клуб тиісті органдармен толық ынтымақтастықта жұмыс істеп, барынша қолдау көрсетуде.
«Баршаңызды тек ресми және сенімді ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз», — делінген клуб хабарламасында.