Ол өкпе қатерлі ісігі диагнозы қойылғанын жариялаған
Қазақстандық танымал қақпашы Андрей Морев 49 жасында көз жұмды. Қаралы хабарды «Ақтөбе» клубынвң баспасөз қызметі жеткізді.
Андрей Валерьевич Морев Ресейдің Омбы қаласында дүниеге келген. Футболшы ретінде ол Қазақстан мен Ресейдің бірнеше клубтарында өнер көрсетті. Қазақстан Премьер-лигасында 152 матч өткізіп, «Жеңіс», «Оқжетпес», «Экибастузец», «Тобыл», «Ақтөбе» және «Қызылжар» командаларының намысын қорғады.
Морев «Ақтөбе» сапында ерекше жетістіктерге жетті - ол командамен бірге 2007 және 2008 жылдары ел чемпионы атанып, 2008 жылы Қазақстан Кубогын иеленді.
Сондай-ақ 2005 жылы «Қазақстанның үздік қақпашысы» атағын жеңіп алған. Ұлттық құраманың да жейдесін киіп, екі кездесуде ел намысын қорғады.
«Андрей Валерьевич өмірін футболға арнап, «Ақтөбе» клубының дамуына зор үлес қосты. Ол алаңдағы шебер ойынымен, адалдығымен және жанкүйерлердің сүйіспеншілігіне бөленген нағыз спорт майталманы ретінде есте қалады», – делінген футбол клубының ресми хабарламасында.
Клуб ұжымы марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтты:
«Андрей Моревтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасына және туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Жаны жәннатта болсын».
Футболдағы мансабын аяқтаған соң Ресейге оралып, бапкерлік курстардан өтіп, кейін балалар академияларында жаттықтырушы болып еңбек етті.
Айта кетейік, 2018 жылы Морев әлеуметтік желіде өзіне өкпе қатерлі ісігі диагнозы қойылғанын жариялаған. Сол кезде дәрігерлер оның алты ай ғана өмірі қалды деп болжаған. Алайда ол өмір үшін күресті тоқтатпай, жеті жылдан астам уақыт бойы сырқатпен арпалысты.