Футболшы Ла Лиганың 10-турындағы матчтан кейін осындай шешім қабылдаған
Мадридтік «Реал» шабуылшысы Винисиус Жуниор «Барселонамен» өткен Ла Лиганың 10-турындағы матчтан кейін клубтан кеткісі келетінін айтты. DAZN мәліметінше, бразилиялыққа бапкердің өзін ауыстырғаны ұнамай қалған.
Дереккөздің мәліметінше, кездесудің 72-минутында ауысатынын естіген Винисиус қатты ашуланып, бейәдеп сөздер айтқан. Ал киім ауыстыратын бөлмеге кетіп бара жатып:
«Мен кетемін... команданы тастаймын, ең дұрысы сол», – деп бірнеше рет қайталаған.
Баспасөз мәслихатында клубтың бас бапкері Хаби Алонсо футболшымен бұл жайт туралы жеке сөйлесетінін алға тартты. Алонсо «Реал» тізгінін 2025 жылғы маусым айында алып, бас бапкер ретінде командасын алғаш рет Эль‑Класикоға алып шықты.
Винисиус Жуниор 2018 жылдың жазынан бері «Реал» сапында өнер көрсетіп келеді. «Корольдік» клуб сапында ол барлық турнирде 335 матч өткізіп, 111 гол соқса, 87 нәтижелі пас берген. Осы уақыт аралығында ол командамен бірге үш мәрте Испания чемпионы және екі рет Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды.
Қазіргі уақытта ойыншының мадридтік клубпен келісімшарты 2027 жылдың маусым айының соңына дейін жарамды.